Балалар құқығы аяққа тапталды ма?
Бұл туралы қоғам қайраткері Ғалым Байтук өз парақшасында жазды.
Кеше Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия Алматы облысындағы Баганашыл ауылында орналасқан балалар үйіне барды. Бұл тексеріс – соңғы күндері қоғамда қызу талқыланып жатқан мәжбүрлі көшіру әрекетінен кейін қолға алынды. Жергілікті белсенді, қоғам қайраткері Ғалым Байтук өз парақшасында осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, балалар құқығының өрескел бұзылғанын алға тартты.
«Балаларымызға, әсіресе жетім балаларға әділетсіздік жасалғанын көргенде, эмоцияны тоқтату қиын. Президенттің бұл мәселеге дереу араласып, балалар пайдасына шешім қабылдағанына алғыс білдіремін», – деді ол.
Оның айтуынша, Алматы облысы әкімдігінің әрекеттері күмән тудырады. Оның пайымынша, тексеріс жүргізуге келген комиссия жұмысына облыс тарапынан әдейі кедергі жасалып жатыр.
«Инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, облыстық әкімдік тексеріске қысым көрсетіп, жалған қоғам белсенділері арқылы саботаж ұйымдастырып жатыр. Бұл – шенеуніктердің жеке мүддесі бар деген күдігімді күшейтті», – дейді ол.
Оқиғаның түп-төркіні 2024 жылдың желтоқсан айына барып тіреледі. Сол кезде Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері және «Medeo Build Almaty» ЖШС арасында меморандум жасалып, Баганашылдағы балалар үйінің орналасқан жері қала әкімдігіне берілген. Ал компания Қонаев қаласынан жаңа балалар үйі мен шығармашылық орталық салуы тиіс болған.
Алайда бұл шешім қоғамда теріс қабылданды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалуды, оқуын осында аяқтауды қалаған.
2025 жылдың наурызында екі әкімдікке осы өтінішті ескеріп, балаларға Алматыда қалуға мүмкіндік беру тапсырылған. Бірақ Ғалым Байтуктің мәліметінше, Алматы облысы әкімдігі бұл тапсырманы орындамай, 21 шілде күні балаларды күштеп Қонаевқа көшіруге әрекеттенген. Бұл қоғам тарапынан жаппай наразылық тудырды.
Ол бірнеше заңнамалық нормаларға сүйене отырып, әрекетті заңсыз деп бағалады:
ҚР «Бала құқықтары туралы» заңының 10-бабы бойынша, әрбір бала физикалық және психологиялық зорлықтан қорғалуға тиіс;
БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының 12-бабында – баланың өз пікірін білдіру құқығы қорғалған;
ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінің 62-бабында – бала мүддесіне қатысты шешім қабылдарда оның пікірі ескерілуі тиіс делінген.б
«Бұл талаптардың бәрі ескерілмеді. Балалардың құқығы тапталды. Бұл өз кезегінде ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы (қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану) мен 389-бабына (өз бетінше билік ету) сәйкес келеді», – деп атап өтті қоғам белсендісі.
Ғалым Байтук ҚР Оқу-ағарту министрлігінің де осы мәселеге қатысты рөліне тоқталып өтті. Оның айтуынша, министрлік 2024 жылдың соңынан бастап бірнеше рет Алматы облысы әкімдігіне ескерту хат жолдаған. Бірақ облыстық білім басқармасы бұл талаптарды орындамаған.
2025 жылдың мамыр айында министрлік облыста мониторинг жүргізіп, балалар құқығының жаппай бұзылғанын анықтаған. Мәселен, тамақтандыру, психологиялық көмек, тәрбиелік жұмыс сынды бағыттарда елеулі заңбұзушылықтар тіркелген. Бірақ облыс бұл олқылықтарды түзетудің орнына тексеруге қарсы әрекет жасаған.
«Министрлік дер кезінде әрекет етіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты. 21 шілде күні министр Алматы қаласында болып, Президент тапсырмасымен балаларға көмек көрсету шараларын үйлестірді», – дейді Байтук.
Оның айтуынша, сол күні кешке дейін балалармен кәсіби психологтар жұмыс істеген. Қазіргі таңда да қажетті көмектер көрсетіліп жатыр.
Ғалым Байтуктің пікірінше, жағдайды ушықтырмай, комиссия жұмысына араласатын хайп пен жалған «қоғам белсенділерінің» әрекетіне жол бермей, мәселені әділ шешу қажет.
«Балаларымыз батырлық танытты. Олар ертең ел қорғайтын азаматтарға айналатынына сенемін», – деді.