Елде 400-ден астам қосымша білім беру ұйымы ашылды
2025 жылы балаларды қосымша білім берумен қамту 3,2 млн баладан 3,4 млн-ға дейін ұлғайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Олардың 62%-ы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады-бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артқанын көрсетеді.
2025 жылы балаларды қосымша біліммен қамту оқушылардың жалпы санынан 3,2 млн-нан 3,4 млн-ға дейін өсті. Олардың 62 пайызы тегін үйірмелер мен секцияларға барады, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.
Бүгінге елімізде 380 түрлі бағыттағы үйірмелер бойынша қызмет көрсететін 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді.
Айта өтейік, қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі 2020 жылы 63,5% болса, 2025 жылы 87,2%-ға дейін өсті.
— Оқу-ағарту министрлігі тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың барлық санаттары үшін қосымша білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Өткен жылы елімізде 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс істесе, биыл олардың саны 25%-ға артып, 400-ден астам жаңа қосымша білім беру ұйымы ашылды, — деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 5 қосымша білім беру нысаны Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында пайдалануға берілді.