Ұлттық мектеп пе, ұлттық масқара ма?
Автор көзқарасы
Бір кездері таныстарымнан: «Жеке мектеп ашпайсыз ба?» – деген ұсыныс түскен. Ол кезде бұл ұсынысты байыппен ой елегінен өткізген едім. Бірақ араға жылдар салып, ондай қадамға бармағаныма шүкір деймін. Кеңестік дәуірде тәрбиеленген біз үшін білім беру – тауар емес, миссия. Ұстаздық – адал қызмет.
Ал бүгін ше? Қазір білім – бизнес. Мектеп ашу – табыс көзіне айналды. Мемлекеттен балаға бөлінетін қаржыны толық алып, ата-анадан үстеме жинайтындар жетіп артылады. Және бұл – қалыпты жағдайдай қабылданып кеткен.
Жекеменшік мектепте жұмыс істегенім бар. Куәмін: сабақ жүріп жатқанда завуч кіріп, төлем жасамаған оқушыларды сынып ішінде тұрып ұялтатын. Баланың көзіндегі күйінішті көріп, жүрегің ауырады. Бұл білім бе, әлде бейбіт күндегі қатыгездік пе?
Қазір жеке білім беру желілері жарыса жарнамаланып жатыр. Соның бірі – Qazbilim. «Ұлттық мектеппіз» дейді. Бірақ соңғы кезде мұғалімдерге жалақы төленбей жатқаны жайлы шағым көбейді. Жүйе ұлттық па, әлде ұлттық ұят па – кім білсін?

Министрлік аймақтық білім ұйымдарының қаржысын енді әкімдіктерге жүктеген. Осыны түсіндірудің орнына, кейбір басшылар министрлікті кінәлап, бар назарды басқаға аударып отыр. Бұл – жауапкершіліктен жалтару ғана.
«Ұлттық мектеп» деген ұғым – халықтың жүрегіндегі қасиетті сөз. Оны бір мекеме иемденіп алғандай көрсету – тым артық. Себебі бұл елде Ахметжан келмей-ақ ұлттық білімді ұстанған мектептер бар. Мен ұзақ жыл еңбек еткен Абай атындағы дарынды балалар мектебі – соның дәлелі.
Камилла Қоржықова деген апай 3 млн теңге төлеп, немерелерін оқытқан. Бірақ аттестатты басқа мектеп берген. Kazbilim-де лицензия болмаған дейді. Сонда мұндай мектептер қалай жұмыс істеп отыр? Білім басқармасы мен бақылау органдары не қарап жүр?
Тағы бір мысал – Астанадағы белгілі жекеменшік мектептің директоры 900 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл жай ғана қаржылық қылмыс емес – халық сеніміне жасалған соққы.

«Зерделі» деген білім беру желісі бар. Сырт көзге бәрі тамаша: мұғалімдерге көлік, баспана, шетел. Бірақ ол ақшаның қайдан келгенін кім біледі? Ата-аналар баласы үшін соңғы тиынын береді, ал мектептер шоу ұйымдастырып мәз.
Осындайда Ыбырай Алтынсарин еске түседі. Ол мектеп ашу үшін ата-анадан ақша жинаған жоқ. Қоғам үшін, келешек үшін қызмет етті. Ал қазір кей мектептер қалталыны іздейді, білім емес – бизнес іздейді.
Министр Ғани Бейсембаев жемқорлықпен күресті бастағаннан кейін оған қарсы шабуыл басталды. 138 мұғалім үндеу жазып шықты. Бұл – жүйенің ішкі қарсылығы. Енді министр жекеменшік мектептердің қаржысын тексеріп жатыр. Бұл – дер кезінде көтерілген мәселе. Баладан ақша алып, ұятқа қалмау керек.

Шоу, флешмоб, сыйлық, сахна… Ал білім қайда? Педагог – әртіс емес. Мектеп – сахна емес. Бұл ұмытылып бара жатқан шындық
